Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  705


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

АҚЫН МОНОЛОГЫ

Көңлі түссе құдай сүйген пенденің,
Асқақ ойға бере алады ми көрік.
Жаратқаным жалғыз билер жер-көгін,
Маған бір сәт бергендей боп күйге еніп.
Көкжал-ойым көкке қарап ұлыды,
Жанымды өртеп, мың қуаныш, мың қайғы.
— Мың мисыздың мағынасыз ғұмыры
Менің бір жол өлеңіме тұрмайды.
Деп асқақтатып көзім салмай етекке,
Жанарынан жыр іздедім аспанның.
Арманымды Аллам алса жетекке.
Шыңға қонған көңілімді жасқар кім?!
Бәрін қойдым, Хақтың жолын таңдадым,
Ей, пенделер, түйсігінде түн өлген.
Аппақ армен жүзін көрген Алланың,
Өздеріңді желеп-жебеп жүрем мен.
Асқар тауға айналармын өлгенде,
Мен емес ем, болмашыға мастанар.
Менің жырым жүріп өткен жерлерде,
Қара тастың жанарында жас қалар.
Солай, солай бұл сөзіме күлмегін,
Бақытың да мұңымнан көп төменде.
Арманына жетпей өлген пенденің,
Соңғы сөзі қалар мендік өлеңде.
Көңілімнің көгі бұлт қып үйірген,
Төгіп, төгіп жанымның ақ жаңбырын.
Тәннен ұшқан көбелек-жан күйімде,
Тәңіріммен табыстырар тағдырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу