Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  139


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

КҮЗ. АУЫЛ

Өңменіңнен өтердей қара суық
Күшейгенін түс ауа, қарашы, ұлып.
Поштабайы секілді күз-болыстың
Әлденені жел іздер аласұрып.
Қамшы сілтеп, долы жел ысқырады.
Жер-жаһанды қуырып, тықсырады.
(Өмір осы: дәурені жүрген кезде
Әлді біткен әлсізге күш қылады).
Сезінердей өздерін жарты құдай
Әй, мына, қарғалардың қарқылын-ай.
Көмір сатқан көрші шал шіренеді
Көтерілмес жазда оның нарқы бұлай.
Талды шауып бітірген (отын делік)
Аңырды ел «тоғайдың» шетін көріп...
Кедей үйге қи бермес, тағдыр кейде
Ұлы Абайдың жеңгесі секілденіп.
Қараша үйдің мұржасы түтіндейді,
Қара шал осыған бек шүкір дейді.
Келіні нән сандықтың аузын ашып,
Қыс киімін баланың бүтіндейді.
Жолыққандай даланың қасқырына
Жаутаңдайды бір ағам бастығына.
Жаңбыр асты қалдырмай жиып алса,
Биыл бітік шықты елдің астығы да.
Бастамасын, қараша, көп кесірге
Қара бұлт кеп қаһарын төкпесін бек.
Түні бойы төпелеп жаңбыр жауып,
Соңы оның қарға ұласып кетпесін де.
Малға әйтеуір ие бар кетсе де ықтап,
Ит-құс шауып кетпесін, тек сеніп қап.
Мұндай күні тезірек үйге жетіп
Етке тойып, содан соң кетсең ұйықтап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу