Өлеңдер ✍️
АЙҚАЙ
Кел, ағасы, екеуміз айқайлайық,
Кім кінәлар таққанға сайтанға айып.
Ері батқан тұғырдай қайқаңдайық,
Елдің қамы туралы ой толғайық.
Айқайшыға боп еді қақпай қашан
(Қалың дудың буына көп қайнасаң)?
Кейуанадай бұл қоғам ұмытшақтау,
«Мен де бармын!» — деп еске сап қоймасаң.
Демес үшін: «Кімсің сен, кәне, қайқай!»
Көкетай-ау, дұрысы, керек айқай.
Топты жарып серкені ап шығатын
Сіздің айқай порымы бөлек айқай.
Үнсіздіктен пайда жоқ, сірә, тапқан,
Өстіп, өстіп қалармыз құр атақтан.
Біз байғұстың неміз кем, айқайласып,
Бірін-бірі естімес мына топтан?
Анау үйде төгіліп май-қаймақ тұр,
Мынау үйде бұрқырап шай қайнап тұр.
Дастарқаны жұтаңдау кербез көкем,
«Мен елеусіз қалдым!» — деп айқайлап тұр.
...Әй, дегенмен сізге айқай жарасады, ә,
Біз дегенің бұл істе «бала-шаға».
Жиналғандай бейне бір тамашаға,
Сізге қарай бастады ел, қарашы, аға!
Қандай ән бұл?
Е, бәсе, «Шайтанқара»
Сізбен бірге қосылып айтар дала.
«Тағысын тағы аларсыз... бойға сіңсе»,
Бастысы, тоқтап қалмай, айқайла, аға...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter