Өлеңдер ✍️
МЕНIҢ АҒАЛАРЫМ
Ана жылы қиналып... амалдап ек...
Уақыт басқа, бұл күнде заман бөлек.
Iнім де бар жаныма еріп жүрер,
Маңдайымнан сипайтын ағам да көп.
— Қуанам деп, биіктен көрінгенде әр, —
Iздеп келген бір ағам көңілденді ал.
... Тілі қатты тиіп ед біздің шалға
Кешірсе әкем бопты да,
Менің нем бар...
Ата-анам бар қасымда — құт-берекем,
Бақыт бар деп ойламан тіпті бөтен.
Атасына мың алғыс, анау ағам,
Дәл менен үлкен үміт күткен екен.
Жаулап алған менің бар көкемді ізгі ой
(Астар іздеп сол күйді бекер бұзды ой).
...Бәсе, неғып жүзі тым жылы десем,
Мына ағаммен бір Жүзден екенбіз ғой.
Ақын ағам (соғамын жатқа өлеңін),
Алып шықты оңаша баққа мені,
Менің Төлеш ағаммен дос болыпты
...Бұрын тіпті мұнысын айтпап еді.
Бір кафеге соққасын үш айнала
Аяғымды сөзбенен тұсайды аға.
Бас бәйгені алып-ақ кетеді екем,
Келмей қаппын анада мүшайраға.
Соғыстырып стакан небір дүрмен,
Айға барып қонғандай көңіл бірден.
Баяны жоқ бәйгені неғыламын,
Ағалардың сөзіне семірдім мен.
Сасып жүрмін, себеп көп таңырқауға.
...Мұрша бермей бір сәт те жабырқауға,
Сәл қызғасын шешеңді “түгендейтін”
Бірақ бәрі жетпейді-ау Әмірханға...
Ауызына қаратқан кәрі-жасты,
Кей ағама ұқсап мен жарымаспын.
Аман болсын! Не деуші еді...
...таптым, иә:
“Бақырауық түйенің бары жақсы”.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter