Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  96


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ИСАНЫҢ ЖАСЫ

Әр фәнилік ұмтылады асқарға
Биіктіксіз бұл өмірдің мәні кем.
Отыз үште Иса ұшты аспанға
Мен үй алдым Ақтөбенің шәрінен.
Кім ұнатпас жарылғанды ағынан
Аспан анау қиялыңды жиі ұрлар.
Орын тапты Иса Алланың жанынан
Менің де енді жер бетінде үйім бар.
Ұқсастық па?!
Шығар, бәлкім, күпірлік,
Отыз үш жас жас па жанға құт қонар?
ҚҰРДАСТАРЫМ бар, құдайға шүкір, нық
Менен гөрі әлдеқайда мықты олар.
Маралтай мен Адалбек жүр арынды,
Ақеділ һәм Ә.Балқыбек — сырттандар.
Мендей ақын болмағанмен дарынды
Таланттары бар олардың жұртты алдар.
Пайғамбарлық...
ауыр, тіпті, ойыма
Салмақты артық, жан емес ем, құп көрер...
Әр пенденің шақтап қана бойына
Аллам өзі көтеретін жүк берер.
Желбіретіп Ібілістің байрағын
Рухымды жеңіп, талмай күрескен.
Күнәсі көп, кейбір дінсіз ойларым
Мені-дағы таңар кей күн креске...
Түбінен у көрем өмір-шишаның,
Бірақ әлі үмітім бар маздаған.
Отыз үште — жасында ұлы Исаның
Көкке ұшуды Тәңір бізге жазбаған.
Тірідей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу