Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  78


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

БІРЖАН ШАЙЫРДЫҢ ӨЛЕҢІ

Сәті түсіп... қарашы, ә,
Іс бастадым, жаңаша.
Ойлар билеп тамаша,
Қуандым жас балаша.
Мақтау еді күткенім,
Ағам ойын ірікпеді:
«Дұрыс екен... Бірақ та,
Не деп жатыр жұрт?» — деді.
Түйе жұтып... түгімен,
Бие жұтып... бүгімен.
«...не дейді ел?» — деп дөкей мәз,
...Сұрай ма екен, шынымен?
Досым менің өткір-ді,
Жұмыс істеп... екпінді.
Еңселі үйге кіріп ап,
«...не деп жатыр?» — деп күлді.
Әрең жүрген тепеңдеп,
Қожанасыр көкем де.
Құлақ тосар: «Мен жайлы
жұрт не айтар екен?» — деп.
Тұла бойы — жарасым,
Көйлегінің бағасын.
Білсе де ару сұрайды:
«Жұрт не деді, ағасы?»
«Мені шалып, құлатпақ,
Өй, әкеңнің... бір аттап...»
Басу айтар әйелім:
«Жұрт не дейді... Шыдап бақ».
Ісім қанша бітпеген,
Қолым бармай түкке мен...
Адымыңды ашқызбас,
Пәле болды-ау «Жұрт» деген.
Естігендей сұмдықты,
Ел бір сәтте дүрлікті.
...Жүрек емес, байқасаң,
Құлақ билеп тұр жұртты.
Алтыным-ау, алтыным,
Ақылыңның ал тілін.
Өз білгенің бар болса,
Жұртта нең бар, жарқыным?!
Ақыл, қайрат... дем берер,
Кем болса Алла теңгерер.
Бара алмайды алысқа,
Құлағына сенген Ер.
Түзетілер (о, тоба),
Қайырылма көп қатаңа.
...Осылай деп жыр жаздым,
Жұрт не айтар екен, а?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу