Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  89


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

БҮГІНГІНІҢ АҚЫНЫ

Жиырма өлең жаздым,
маған атақ бермеді,
Әй, ел болмас, бұл қазақ.
Тағдырымның тартып келем кермегін
Жүрегімді мұң қажап.
“Атақ бер!” – деп айқай салдым,
(…күтіп ем)
Бір ойым бар бұзық шын.
Қырықты айтып,
отызда не бітірем? –
Ай, Есаға, қызықсың.
Мен – ақынмын!
Болсын үйім-қазығым.
Білмеймін мен басқаны.
“Жыр жазбаймын,
сол ма менің жазығым?”
– дейді бір дос…
— Кетші әрі…
“Әдебиет — ардың ісі!”.
Түсінем.
Бірақ қанша тұрады Ар?!
Бақ сұраған мына дүрмек ішінен,
Тек мен ғана боп қалам ба “бірадар”.
Сәл бірдеңе түссе болды қазанға,
Және түбі көрінбесе қапшықтың.
Әркім барын шығарады базарға,
Мен жырымды ап шықтым…
Бірақ жандар білетін аз сөз құнын,
Қайтер дейсің, көнем де.
“Әркім өзі көрсін, – дейді, – өз күнін”
Үкіметім, өлем бе?
Жан сырымды жайып жүрем жалғанға:
“Мына қоғам — оңбаған!”
…Бәрі жақсы-ау, тек оңаша қалғанда
Бетің нарттай қызарады, сол жаман…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу