Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  127


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

АҚЫН АҒАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

«Жыр жазу түк болмай қалды бүгінде...
Көп шабандоз қосылды кеп дүбірге.
Еркіндік бар, батылдық бар үнінде,
(Даусы мықты құлақ аспас күбірге...).
Айқай сап тұр қала-дағы, дала да,
(Айқай салсаң ғана бағың жана ма?!)
Шұрайлы сөз тіркестері...
Бірақ та,
Өлең деген — сөз ойнату ғана ма?
Самарқанның көк тасын да еріткен,
Талай дүрді жүрмін күнде көріп мен.
Жырларынан мін таппайсың.
Алайда,
Жүрегімді қозғамайды-ей, неліктен?
Керек жерге қоймағандай үтірді,
Қаншама ой айтса-дағы ұтырлы.
Қазіргі өлең — құс кеп ұя салмайтын,
Шаһардағы бетон үйлер сықылды.
Өлең үшін қабырғасы қайысып,
Қатар шапқан адалы мен дәйісі.
Сөз ойнатқан бір-бірінен асырып,
Жүріп жатыр шеберлердің сайысы.
Ал АҚЫН қайда?!».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу