Өлеңдер ✍️
ҮСТЕМ ТАП
Уақытты тоқтататын амал бар ма?
Бермеген ондай құзыр жаралғанға.
Үстем тап дейтұғын бір топ болыпты
Біз білмейтін бағзы бір замандарда.
Өзі айтар шешімін де, кесігін де
Жат оған мейірім де, кешірім де.
Мың-мыңнан жылқы айдаған байлар болған
Топ-топтан жалшы ұстаған есігінде.
Ал оның ұлы қандай паң, көрікті
Сөзі үстем, жүрген жері лаң болыпты.
Ол таңдап жүйрік мінсе, қасқа кедей
Мінер ат, ішер асқа зар болыпты.
Сыймай бір жатпағасын мал — қораға
Кедейдің жолын тағдыр оңғара ма?
Ол жүрсе үйлене алмай, бай-бағландар
Қос-қостан қатын апты.
(Оңбаған, ә!)
Таппаған қара халық сенер қоғам,
(Өмірге қайғы ішем деп келер ме адам).
...Е, болса, сондай заман болған шығар
Бұл мыстан-тарихыңда не болмаған.
— Не заман ол?
Шет жағасын көрсең, деймін —
Айтшы, ата, бәрін ашып берсең, деймін.
Әйтпесе, жұртта ес жоқ, шулайды кеп:
— Үстем тап тірілді! — деп...
Мен сенбеймін.
Мырза көрсе қуанар кезде... бұлар,
Ішінде құдайдан шын безгені бар.
Жұмыс жоқ...
тамағы тоқ,
іш пысқасын
Осы жұрт тек әйтеуір сөзге құмар.
Ел үшін шыбын жанын қинап жүрген
Қиындықтан айылын жимай... күлген,
Шекпендінің бәрі әйбат. Дәл соларды
«Үстем тап» деуге тіпті қимаймын мен.
Масайған той тарқарда әндей соңы
Тобырдың болушы ма еді мәнді өлшемі.
Бәрі жақсы олардың...
тек мына жұрт:
— Үстем тап тірілді! — деп...
— Әй, қойшы оны...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter