Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  108


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тебіренсем періштелер тілінде...

Тебіренсем періштелер тілінде
Тас қаланың тас жүрегі жібір ме?
Көшелерден өксіп өтті өлеңім,
Керең дүние естімеді бірін де...
Есіміңді сыбырладым терекке,
(Паң терекке менің сырым керек пе...)
Баяу басып самал келді қасыма,
Бәрі өткінші, күрсінбеші демекке.
Жапырақтар күбірлесті мен жайлы,
Жүдеу көңіл жүдеп тұрған көрді айды,
Айды көріп... айта алмайтын ештеме,
Жалбарынып, жабырқау жер қол жайды.
Ай бозарды, мен мұңайдым, түн үнсіз,
Жел далақтап жүгіреді тынымсыз.
Өлең тұрды тамшы іркіліп көзіне –
Көрмейсіз-ау осылардың бірін сіз...



5 тамыз 2005. Астана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу