Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.09.2022
100
Мен бармын мына жалғанда...
Мен бармын мына жалғанда,
Құл болған ғұмырлы мұңға.
Отырмын бір аралдарда
Ақ сағым шымылдығымда.
Жандағы жараның емін
Табам деп сені іздеді үміт.
Барады аралым менің
Телегей теңізде жүзіп.
Жар болып шымылдығыма
Бәрібір кіре алмайсың сен.
Мен болған ғұмырды мына
Есіңнен шығарғайсың сен.
Сезімнен өртенем де мен,
Сағымнан күлемін де мен,
Шешілмес сәукелемменен
Қаламын жүрегімде мен.
Сандалып мұң-аралдарда,
Сарғайып сағым қуатын
Мен бармын мына жалғанда
Сағынатын да сағындыратын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter