Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
103
КӨБЕЛЕК
Сен кеттiң,
Қалдым қатып бағанадай,
Суытты – жып-жылы едi мана маңай.
Көр шеге – өкшелерiң көше бойлап,
Жүгенсiз жүрегiмдi тағалады-ай.
Сен кеттiң!
Қала бердiм қара басып,
Сезiмiм екiұдай боп жағаласып.
Жырақтан сылаң етiп сұлу тұлғаң,
Жарыққа бара жатты араласып.
Сен кеттiң,
Қала бердiм қараңғыда,
Қара бұлт қаумалады санамды да.
Соңыңнан қолын созып Ай жүгiрдi,
Бiлмеймiн жете алды ма, таба алды ма?
Қаншама жүрек менi айтақтасын,
Сеземiн түбi оның да жай таппасын.
«Бағыңды уысыңнан жiбердiң» деп,
Тұрғандай ағаш бiткен шайқап басын.
Соңыңнан
Өзiме-өзiм күшiм келмей,
Ұмтылдым ала-құйын, ұшып желдей, –
Күйерiн бiле тұрып отқа ұмтылған,
Тағдырын көбелектiң түсiнгендей!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter