Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  117


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚЫРҒЫЗДАР

Марқабай Ааматовқа
Бәйге бiттi.
Арамтер боп шаршаған
бiр бозбасты сөзге жығып барша адам,
«Байкем тойы жақты ма?» деп аңқылдап,
алма-кезек қағып менi арқадан,
боз үйлердiң белдеуiне ат байлап,
боза сiлтеп,
нарын жеуге тарқаған.
Жал-құйрығын желбiретiп күз желi,
Жортып өттi сәйгүлiктер тiзбегi,
«Қазағыма мiнгiзейiн бiр ат», – деп,
Марқабай дос ең жүйрiгiн iздедi,
менiң көзiм аққу мойын атта емес,
атқа мiнген аққу мойын қызда едi...
Жомарт халық көрмедiм мен қырғыздай,
мәпелейдi-ау мойыныңды бұрғызбай.
Ат мiнгiзiп,
қалпақ тартып жатса да,
мақсым сiлтеп отырмын мен дым қызбай.
Түн түнегiн тiлiп түскен жұлдыздай,
өзегiмдi өртеп кеткен қу қызды-ай!
Бозадан соң бал-бұл жанып,
нұрланып,
тек қазақша ырдайды екен бұл халық,
қонақкәде қайтарар ем қырғызша
тiл байланған,
отырғам жоқ бұлданып:
«Айылдың арғы жағынан...»
аттан түсiп жолығар ма ем ұрланып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу