Өлеңдер ✍️
3аңғар, заңғар Зайсанның тауларына
3аңғар, заңғар Зайсанның тауларына,
жауды ма екен бұл жауын,
жаумады ма,
қызғалдағы қыр қуып қаулады ма,
қыза шығып самалдың саумалына?
Қыз бiткенге қызғалдақ үлестiрiп,
Жеменейдiң жатқанда үнi естiлiп,
зеңгiр-зеңгiр Зайсанның шыңдарына
кетсем бе екен мен сенi iлестiрiп?
Кербез таудың керiлiп ақ маралы,
көкейiмде өзiңдей сақталады,
көп бояуға көзiңдi тұндырар ең
айыра алмай жүргенде ақ-қараны.
Ұлар құстың ұясын көрiп келiп,
бұлақтардың бұрымын өрiп берiп,
тастан тасқа еркелеп секiрер ең
елеңдеген елiкке серiк болып.
Жауған қарды көргенде тәңiр шыңға,
пайғамбардай қарарсың самырсынға,
тәкаппарлық төнгенде тұс-тұсыңнан
өр мiнездi мендегi танырсың да,
шатқалдағы мөп-мөлдiр шар айнадан,
өз жүзiңдi көргенде арайлаған,
бүлдiргенге боялған ерiнiңдi
тосқаныңды бiлмессiң қалай маған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter