Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  86


Автор: Ұлықбек Есдәулет

СЫРНАЙЛЫ ТҮН

Он төртке толған ересек баламын,
Ағаммен бiрге шықтым клубтан.
Жолда ағам маған бере сап баянын.
– Күте тұр, – дедi, – кетпей, Ұлықпан...
Зiлмауыр баян басқанда иықтан
Ботадай боздар тисе саусағым.
Әсем саздарды аспанды ұйытқан
Сызылта алмай текке шаршадым.
Шиқылға иттер шәуiлдеп үредi:
«Бұл кiм дегендей, жүрген басынып?»
Барқыттай барқын ауылдың түнi едi,
Жұлдыздар көкте жатты шашылып.
Барылдап баян бiресе терлегем,
Келедi менiң әнiм қиысып.
Сонау бiр үйдiң шамы да сөнбеген,
Ағам тұр әне, қызбен сүйiсiп...
Бiрiне-бiрi әрқашан аяулы,
Оларға, шiркiн, әуен арнасам.
Сайратар екем мен қашан баянды?
Сүйiсер екем қызбен мен қашан?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу