Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  139


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МАХАББАТ ҚҰДАЙЫ

Жаратылыста жоймайтын өмiрi мәнiн
Махаббаттың да бiлем мен тәңiрi барын.
Небiр аппақ сазандай сұлу қыздар мен,
Қосады ол жұрттың жаужүрек небiр ұлдарын.
Қос бұрымдарын иықтан серпе лақтырып,
Қылықты қыздар ерiнiн қалқалап күлiп.
Жалт қарағанда жiгiттiң жүрегi лаулап,
Сана мен сезiм тұрмай ма салтанат құрып?
Ойламас ешкiм ондайда қарақан қамын,
Аққулар жүрер өргiзiп балапандарын.
Қатар самғайды ғашықтық меңдеген жандар,
Қарлығаштардай төске алып дала таңдарын.
Жұптасып сосын үлкендер бата бергендер,
Жарыса гүлдеп жатады қатар өнгендер.
«Пiшедi тонын ұяда ана көргендер.
Жонады оғын қияда ата көргендер».
– Үйленiңдер! – деп үндейтiн әмiрi мәлiм,
Махаббаттың да бiлем мен тәңiрi барын.
Небiр аппақ сазандай сұлу қыздар мен
Қосады ол жұрттың жаужүрек небiр ұлдарын.
Жапырақ жайып жүректер жамырасқанда,
Елжiрей қарап тұрады-ау тәңiр аспанда.
Жас жұбайлардың жанында ол – үйленген кезде,
Қайда кетедi, бiлмеймiн, ажырасқанда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу