Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
105

САРЫ ЖАПЫРАҚ
Күтудi махаббаттың нарқы санап,
Отырдым саябақта алты сағат.
Кеудемде үмiт пенен күдiк оты,
Тұтанды бiр-бiрiмен шарпыса қап.
Жұтап тұр жалаң қайың жапырақсыз,
Жұлыпты жас желегiн «ақымақ» күз.
Сап-сары жапырағын маған әкеп,
Сыйлады сенен гөрi жасырақ қыз.
Ұсынып жымияды: «Алыңыз, – деп –
Кiтаптың арасына салыңыз, – деп,
Қыс бойы еш орманнан таба алмайсыз
Осынау жапырақтың бәрiн iздеп...»
Алдым мен «Рахмет, қарындас, – деп, –
Қыс бойы бұл жапырақ табылмас», – деп.
Жырымның парағына жасырып ем
Кеттi ғой жүрегiммен бауырлас боп.
Сенiмен көптен берi жолығыспай,
Жанымыз келе жатыр әлi ұғыспай.
Iшiнде кiтабымның тұр жапырақ,
Сақталған саған деген сағыныштай...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter