Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  93


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Тағдырым тағы қырын қарады...

Тағдырым тағы қырын қарады,
Қырын-ақ, мейлi,
қарасын.
Бақытымның да бұрылмағаны
Тырнасын жанның жарасын.
Көңiлiм аппақ парақтай едi, –
Бiреулер жағып күйесiн,
Тонап та менi,
талап та менi,
Әркiмде кетсiн үлесiм.
Ала жiбiнен аттамасам да
Ала көзiмен атқанға,
Ешкiмге мысық сақтамасам да
Иттерiн ырылдатқанға.
Бәлемнiң шиi шығып жүрсiн деп,
Өсегiн қаулатқандарға,
Қасқимай,
аздап бұғып жүрсiн деп,
Кесегiн заулатқандарға,
Күйiнбен ендi!
Жасымаймын да,
Кетпейдi ендi ештеңем.
Жырымды мұңмен асыраймын да,
Тек... үйге қаңғып кеш келем.
Кiремiн күмiс қарлы баққа мен,
Айғайымды iшке iркемiн.
Келгендей шауып арғымақпенен
Буланған көздi сүртемiн.
Айналам –
әсем ағаштар ғана
Толғаған тату тiрлiгiн.
Тамыры жерге таласқанда да
Сүйейдi-ау олар бiр-бiрiн.
Аяңдап сосын зиратқа келем,
Иiлер бiр сәт өр басым.
Құлпытас болсам –
қирап қалар ем,
Шыдаймын адам болғасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу