Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  119


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖЫРМЕН ҚОШТАСУ

I
Кеудемде күркiреген
Қаршадайдан құдiретiм,
Шiркiн өлең, есiл өлең,
Досым өлең,
Қош,
Қош...
Тiршiлiк көшiменен
Кетiп барам,
Қасымнан өтiп маған
Кезек келдi.
Аз өкпемдi сен ғана көтере алдың,
Досым өлең, есiл өлең,
Жеке қалдым,
Не ете алармын
деп бiрақ қамығамын несiне мен?
Ақтығым, адалдығым,
Аян ғой саған, жырым.
Санаулы күн, өлшеулi өмiрiммен
Мен елiмнiң тiлеймiн амандығын.
Түнеруде тағдырым, түнеруде
Келешек күнге асығып,
Мұң жасырып шабытты жүрегiнде
Ұлы елiнде
Жүретiн асқақ ақын
Бас имей жатыр ендi бұл өлiмге.
Бағытым – Барсакелмес,
Бақытым – туған елiм,
Шабытқа мұрша бермес
Ақын боп туған едiм,
Думан едiм, ер едiм оралымда,
Шалқыта төккен едiм,
Шарқ ұрып кеткен едiң
Қайырылып маған бiр қарадың ба?
Жоқ, қарамадың.
Досым өлең, есiл өлең,
Көңiлдердiң күмбезiн араладың,
Жiгерлiнiң төзiмiн тағаладың,
Жасықтардың жүрегiн жараладың,
Ешкiмнiң де табанын жаламадың!
Қош,
Қош,
Қош,
Уа, жаңбырлы көктем-өлең,
Ризамын, өкпелемен, өкпелемен.
Мен сенi әкете алман өзiмменен
Көпшiлiктен алғанмын, көпке берем!
II
Сенбеймiн ақын аға өттi деуге!
Сөне ме найзағайлы отты кеуде?!
Көз алдым мөлдiрейдi,
мөлтiлдейдi,
Самал жел көздiң жасын кептiрер ме?
Шынымен жыр күймесi доғарылып,
Зор тұлға зерделерден бола ма ұмыт?
Күмбiрлi күйсандықтай көкiректiң
Тiлдерiн құрсаулай ма қара құлып?
Сыйды ғой бүкiл әлем кеудесiне,
Сыймады бұл әлемге ол несiне?
Қаламын кiмге тастап кеттi екен
Жеткiз деп жыр бәйгенiң көмбесiне?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу