Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
100
КӨШПЕНДIЛIК
Ұнатпаймыз бұлттардың қаңғырғанын,
Жақсы көрiп тұрсақ та жаңбырларын.
Баяғыда Пушкин мен Лермонтов,
Ұқсатыпты бұлттарға тағдырларын.
Лермонтов, Пушкинбiз шетiмiзден,
Аулақ бұрсын ол тағдыр бетiн бiзден.
Бiр заманда бабам да қаңбаққа ұқсап
Жел соққанда көшiптi не түрлi iзбен.
Отырықшы ел болдық десек тағы,
Ойға келер мынадай есеп бары:
Күндi айналып зулаған Жермен бiрге
Көшiп жүр ғой бiз жатқан төсек тағы.
«Ораламыз, сау тұр!» деп жер-құрсаққа
Ғарышқа да барармыз тағдыр тартса.
Көшпендiнiң көкесi өзiмiз ғой
Бұлттарды да кезбе деп жазғырсақ та.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter