Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
117
МҰХИТ. ГОЛЬФСТРИМ АҒЫСЫ
Демалысқа барғанда жазда менi,
Сөзбен әкем сiлейте жаздап едi: –
Хат жазуға қырсығы тиер болса,
Қалқам, қор боп құр өлең жазба! – дедi.
Бұрын болса аңқылдап, жеңiл тартып,
Беретұғын көңiлдiң көлiн сарқып.
Толқынындай мұхиттың ауыр сезiм
Өтедi ендi сәт сайын өңiн шарпып.
Өмiр жүгiн көтере иық талып,
Қол бұлғай ма кәрiлiк жуық қалып.
Үлкен ұлы қайтқалы дүниеден
Жүрер болды тұнжырап, тұйықталып.
Ақ қырауы шашының қалыңдаған,
Қабағынан қара бұлт арылмаған.
Мұзды мұхит секiлдi өңi суық
Бiр кездегi ақ жарқын, жалынды адам.
Жалғыз ғана,
Туғанда немересi
Қабақ ашты-ау кеңiп бiр керегесi.
Бiрте-бiрте жүзiне жылу кiрдi,
Жылы ағыс бар мұхитта деген осы!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter