Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  311


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БҰРЫШҚА ТҰР!

Көтере алмай келеңсiз еркелiгiн,
Жазалады әкесi тентек ұлын:
– Тұр бұрышқа!– ақырды ашуланып,
Батырындай бағзы бiр ертегiнiң.
Қорыққанынан бұрышқа тұрды бала,
Құйттай болып дөң-айбат түрдi қара:
Анда-санда иығы селк-селк етiп,
Пырсылдайды әредiк мұрны ғана.
Әр бөлмеде – төрт бұрыш,
орайы кеп
Тұрып шыққан тентек бұл талай рет.
Ол ойлайды:
«Бұрышқа тұрмас ем-ау,
Тусам егер үй-күйсiз жабайы боп...»
Осы бала бұрышты жек көредi,
Осы бала бұрышқа кектенедi.
Анасына кей күнi,
«Мен өскенде,
Бұрышсыз үй тұрғызам!» деп келедi.
Сол тентекке жанымның қошы келген,
Еркелiгiн мен болсам кешiрер ме ем?
Шiркiн, оның бабасы бақытты ғой,
Бұрышы жоқ үйлерде өсiп-өнген!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу