Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  101


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Мүлгидi сәукелелi тал, қайыңдар...

Мүлгидi сәукелелi тал, қайыңдар,
Басыпты шыршалардың шалғайын қар.
Қоншыма қар құйылып бақта келем,
Кеудемде сәл сағыныш,
сәл уайым бар.
Биiк тұр аспандағы алашарбы,
Көңiлiм неге менiң аласарды?
Апыр-ау, бұл ғана ма аңсағаным
Түнiмен қар күрейтiн қара шалды?!
Ауылда жолды боран жасырғанда,
Ақ түтек қас қарая басылғанда.
Түн бойы қар күресiп жүрушi едiк
Сонау бiр ақ сақалды асыл жанға.
Ол бүгiн қырда жатыр қар астында,
Iнiм, сен зиратына жол аштың ба?
Қайтайық тағзым етiп,
Ұлы адам ғой,
Қабiрiн кiшкентай деп қорашсынба...
Айтiкен, есiңде ме, баяғыда,
Атамның таласушы ек таяғына.
Бiз демеу бола алмадық таяқ құрлы,
Кәрiлiк тұсаулаған аяғына.
Ол жатыр есiмi де аталынбай,
Бiз жүрмiз балтыр сыздап,
бас ауырмай...
Кеттi ме қариямды ұмыттырып,
Жасанған мынау өмiр жас арудай?.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу