Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  84


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ШАЛ. ШАБЫНДЫҚ

Шөп шауып жүр шабындықта шал кiсi,
Кешкi нұрмен жарқылдайды шалғысы.
Екi бетi нарттай жанған Күн жақта
Салбырайды бұлттың алтын шарбысы.
Қартпен, қайран,
қоштаспапты күш әлi,
Қимылында қуаттың жүр нышаны.
Қапталында құлап жатқан құрақтан
Қалқып қана алтын тозаң ұшады.
Самал соқты сыбыр-сыбыр тiл қатып,
Сабаз шалдың самай терiн құрғатып.
Суға батқан алтын желкен секiлдi
Салқар қырда бара жатыр Күн батып.
Тамыздағы шөп түбiнде шық та жоқ,
Тамшы тамды шыт жейдесi сықпа боп.
Қарт көзiнде жарқ-жұрқ етiп ойнады
Тартпа-орағын жанығанда шыққан от.
Мәңгi нұрлы жанарындай уақыттың
Бiлiнбестен бара жатыр батып Күн.
Шабындықта шөп шауып жүр қара шал
Құсын қуып сабылмай-ақ бақыттың!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу