Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
98
ҚОЛАМТА
Қойнауда қоста отырып қоналқаға,
Қараймын ошақтағы қоламтаға.
Лапылдап лаулап келген оттың бәрi
Жалынын осылайша жоғалта ма?
Төңкерiп жылқышының шыны аяғын,
Көз қадап қоламтаға мұңаямын.
Жалын жоқ, отағасы көсегенмен
Мосының қайырып ап бiр аяғын.
Жылтырап қып-қызыл шоқ әлсiреуде,
«Сөнуден арашалап қалшы» деуде.
Ошақта отың сөнiп бара жатса,
Өзiңе өз көңiлiң көншiген бе?
Менде де көншiмейтiн көңiл болған,
Мойымас жығылсам да өмiр – нардан.
Кеудемде қоламтадай қоздап жатып
Кетер ме лапылдамай небiр арман?!
Шоқ табы бiрде қызу, бiрде бәсең,
Толтырды қостың iшiн нұрмен әсем.
Менiң де өзегiмде шоқ жатқандай,
Сол бiр шоқ тұтанар ма үрлемесең?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter