Өлеңдер ✍️
Аманжол құдығы туралы баллада
Қарқаралы басында – қара құдық,
Ақындар атын бұрар арагідік.
Табиғат ентелейді жан-жағынан
Алғандай сол құдықты бала қылып.
Қартамыс Қаракемер қойнауында,
Көшелі Көшен таудың баурайында,
Аманжол Рахымжанның жұрты жатыр
Торқасы тамыр сыйлап тал-қайыңға.
Сол жерде шыр етіпті Қасым – арман,
(Өлеңде бір дәуірдің басы болған).
Орданың ойсыраған орны мынау,
Қорымын қой қораға тасып алған.
Тастарын қоржын тамның қына басқан,
Жуады жаңбырымен жылап аспан.
Қасымның көзін сүрткен сол бұлттар-ау,
Қас-қағым бірін-бірі қуаласқан.
Тетелес ғасырлармен жас шамасы,
Шөп басқан, жермен-жексен баспанасы.
Жұртына ақын қайта оралмапты
Жасында тигеннен соң тасқа басы...
Жас Қасым қозы қуып, жалбыз жұлып,
Жүгірген табанына кәрғыз кіріп.
Бұла шақ, бір ошақтың белгісіндей,
Бұзылмай аман қапты жалғыз құдық.
Айнала адыр-адыр нар жоталар,
Айналған алтын қазық арғы аталар.
Бұл құдық әулиенің қайнары екен,
Шолпылдап шомылмаған көлбақалар.
Кәусары өлең болып өрілгендей,
Көзіме көркем елес көрінгендей.
Бұл құдық тұнығына жұлдыз түнеп,
Шелектен ай тамшылап төгілгендей.
Осы бір қара құдық шегенделген
Адамзат шөлін басар өлең берген.
Көз жасы сол құдыққа тырс-тырс тамып,
Періште кірпігінде көгенделген.
Басынан бақытын да ала қашқан
Жасынан не бір нәубет қара басқан.
Сонда да сарқылмаған осы құдық
Ақынның көз жасымен араласқан.
Тағдырдың жолы тарау, қаны қарау,
Жетімнің жүрегі өрт, жаны жамау.
Шоқ шайнап, от түкірген ақындығы
Қасымға осы сумен дарыған-ау?
Тәу етіп сол құдықтың суын іштік,
Шелектеп басымызға құйыныстық.
Арқалы Ақсұңқардың ақын ұлы
Арқырап жыр оқыса сүйіністік.
Мына әлем – сол әлем бе Қасымды ұққан,
Әлде ұқпай ұлы Ақынның басын жұтқан?
Жоғалтып алмап па екен қасиетін,
Айырылып қалмап па екен асылдықтан?
Мына ауа сол ауа ма Қасым жұтқан?
Уланбай қалып па екен не сұмдықтан?
Ақынның көз жасына қалған әлем
Жүр ме әлі зардап шегіп басырлықтан?
Ұлысын ұрып жығар тасырлықтан?
Десек те дәуір басқа, ғасыр бөлек,
Жамылып жаз жетсе де жасыл желек,
«Арпалыс алақұйын заманалар»
Айқайлар:
– Қасым керек! Қасым керек!
Өрт мінез өлеңінен шоқ тамардай,
Бүгіннің бар кеселі жоқ болардай:
Соғыстан қайтқанындай сылтып басып
Қасым да құдығына кеп қалардай.
Қасымсыз баспаналар қаңырап құр,
Көңілдер көншу іздеп аңырап тұр.
Талантты таланынан тарықтырар
Бұл өзі неткен заман тәңір атқыр!
Мүсін боп тұрса тұрар астанаңда,
Енді оған керек болмас баспанаң да!
Қыранға қажет те емес хан шатырың,
Ғұмыры ғасырды аттап басқан алға!
Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,
Тұңғиық Ғарыш пенен Қара құдық...
Қасым ақын тылсымын ұғам десең
Жолаушым, мойыныңды қара бұрып!
Қаға бер қанатыңды, Қарқаралы,
Ғаламды қасиетің тартар әлі.
Қасымның құдығынан дәм татсам деп
Шарқ ұрар дүниенің шартарабы.
Бұлықсып талай ұлың ержетуде,
Бұл құдық тереңімен тербетуде, –
Бала Қасым бейнесін сақтап қалған
Жалғыз фотоаппарат сол жер бетінде!
Ұлылық шүпілдеген қара өлеңнен
Ұрттасаң ұлан шөлің қана берген.
Құдыққа, Қасым аға, үңілемін
Суынан мөлт етердей бала бейнең!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter