Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  110


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ақиқатты құндақтаған...

Ақиқатты құндақтаған,
Жалғанға бір тіл қатпаған,
Үнсіздікпен үстем болып,
Күнді жеңіп, түнді аттаған
Тылсым...
Жұлдыз болып жымыңдаған,
Ұстатпаған сырын маған,
Түйсігімнен түкпірінен
Тыным таппай шырылдаған
Тылсым...
Сұсы өктем боп сұмдықтардан,
Үмітімді мың құтқарған,
Көк пен Жердің арасында
Мөп-мөлдір боп мүлгіп қалған
Тылсым...
Құрсағыңда бұлқынамын,
Кермектеу ғып күлкі дәмін.
Тәй-тәйлаған үніңе елтіп,
Бір жығылып, бір тұрамын
Тылсым...
Үнсіздігің... тым үрейлі,
Жаның мәңгі тірі дейді,
Сені сүйем... бұл жалғанның
Қызықтырсын күні мейлі
Тылсым...
Шындықты кім тұмшаласын,
Шүпілдетіп күн шарасын
Жүрегімнен – Тіршілікке
Өлең болып мұң шағасың,
Тылсым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу