Өлеңдер ✍️
Ей жүргінші, тоқташы...
Ей жүргінші...
тоқташы...
сәл құлақ түр
Жолыңдағы жалғыз қайың жылап тұр.
...Мына тірлік қалай еді, жазған-ай,
Зәрлі мизам қашан жеткен жазды орай,
Қабағыңды аш, айналайын, ақ қайың,
Қай-қайдағы өткенімді қозғамай.
Жылар едім... өзгермейді ештеңем,
Жымдасамын жылуы жоқ кешпенен,
Сен-далада, мен бөлмеде... теңселем,
Тереземнен телміреді Өскемен.
Бұлт бүркеді жылу алар күніңді,
Ызғар жайлар ойланатын түніңді.
Аппақ денең айға айғақ бола алмай,
Қалай ғана қап-қара боп тілінді.
Шуақ шашар менде бір күн болған-ды,
Адастым мен, алыс жақта ол қалды,
Тіл қататын тірі пенде бола алсаң,
Бір кетер ем, бетке алып орманды.
Сен күніңді сыңсу-үнмен күте біл,
Мен-күнімді күрсінумен күтемін.
Білер ме екен бұлыңғыр бұлт көктегі
Жүрегімді өзіндей қып түтерін.
Ей жүргінші...
тоқташы...
сәл құлақ түр,
Күнін іздеп жалғыз қайың жылап тұр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter