Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  89


Автор: Жанат Әскербекқызы

Иманы – күмән, кілең жат

Иманы – күмән, кілең жат,
Мүрит боламыз кімге енді.
Түркістандағы түмен бап
Түрегелетін кез келді.
Қаласа төрткүл дүние,
Дән қауызыга сыя алған.
Ғаламға болса ұлы ие –
Ол кәміл өзің, ия, Аллам.
Қайраты артып жүректің,
Шайтанды иман жеңген-ді.


Иассыға әкеп пір еттің,
Құл Қожа Ахмет пендеңді.
Көңілім аумас жолға аса,
Жұрдай да болған сенімнен.
Иссауи хикмет толғаса,
Мүриті болам дедім мен.
Данадан жеткен дәмді сөз,
Дән болып сіңсе ақылға.
Ғұлама айтқан мәнді сөз
Топырақ қауып жатыр ма...
Түркістан жаққа бет бұрсам,
Ескендей болар майда леп.
Бүгінге қайтер шек қылсам,
Әулие біткен қайда деп.
Мұхаммед Хақтан сыйға алған,
Шапағат болып шашыл нұр!
Адасқан адам иманнан
Пайғамбары жоқ ғасыр бұл...
Көкірек көзін нұр шайып,
Диуаннан лұғат сіңірсек.
Арылар ма еді мұнша айып,
Хақиқатқа кеп жүгінсек.
Шариғат жолын ұстанып,
Тарихат жайлы сөз ұғып,
Күнәға жүрсек сұстанып,
Марифат мәнін сезініп.
Қари біткеннен сұраңыз,
Кәмілмен келмес таласқым.
Құл Қожа Ахмет жазған уағыз –
Кәләм Шәрібі Алаштың.
Төзімін үккен қажап күн,
Шөл кезген қаңсып көп көші,
Киіз турлықты қазақтың
Түркістан еді Меккесі....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу