Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
110
Шарасыздыққа ет өліп...
Шарасыздыққа ет өліп,
Шамырқанамын мұндайда.
Бөрілі байрақ көтеріп,
Бөрідей жортқан күн қайда?!
Табанда қалып пенделік,
Ерлікке ғана елітті ой.
Бөрілі байрақ дем беріп,
Бөгеліп көрмеп едік қой.
Тәңірінің көкшіл нұрынан
Жаралған жалды көк бөрі.
Сескенер көздің сұғынан,
Жазмышқа мынау өкпелі.
Шығар ма еді шіркін атыла,
Бүгінде билік, күш өрде.
Болат тегеурін қапыда
Белінен теуіп түсер ме...
Тәніне жара түсіріп,
Көп қасқырлардың ылығы,
Киелі қаны ұшынып,
Аспанға қарап ұлыды...
Ұли да ұли көз жұмды, -
Бөрілі байрақ жығылды.
Аңыз деп алаш сөз қылды,
Қыранын баптап бүгінгі.
Көк бөрі рухты түркі елім,
Азуын айға білеген.
Тірілмес бөрі Күлтегін,
Жазайын жоқтап бір өлең...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter