Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
114
Ес-ағамның құстарын-ай...
Ес-ағамның құстарын-ай,
Құс боп неге ұшпадым-ай!
Тырау, тырау тырна ұшады,
Көл жаққа емес, қырға ұшады.
Бақ-бақ еткен байғұс бақа
Неменеге тырмысады?!
Қараторғай қанат қақты,
Жерде тауық қарап қапты.
Секектеген сорлы көкек
Нені іздеумен далақ қақты...
Сұңқар қайда торға қонар,
Қыран қайда қолға қонар.
Айдын көлге бір барайын –
Аққу құсым сонда болар.
Құмыр-құсты қайдан көрем,
Құр естімес сайранменен.
Құс-ғұмырдың қанатында
Қауырсынға байланды өлең.
Сарыала қаз, жем берейін,
Сені өзіммен тең көрейін.
Құмайды ертіп ұзай берші,
Қон демейін, кел демейін.
Бәріңді іздеп бүгін ғалам,
Ақтарғандай сырын маған.
Байғұс жаным, құсқа тәнті
Бозторғай боп шырылдаған.
Ес-ағамның құстарын-ай,
Құс боп неге ұшпадым-ай...
Қараша. 2004ж. Астана.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter