Өлеңдер ✍️
Қособаның түбінде... күн батқан шақ...
Қособаның түбінде... күн батқан шақ,
Зулай ұшты сұр жебе зұлматты аңсап.
Ту сыртыңа, боздақ-ай, бұрылмадың,
Өкінбес пе ек, соңғы сөз тыңдап қалсақ.
Қособаның түбінде... қас қарайды,
Тәңір салды тұспалсыз басқа қайғы.
Аңсар сезім, айтып қал айтарыңды,
Арманыңды алты қаз тастамайды.
Қособаның түбінде... “қош” дедің бе,
Дұшпаны бары түспеді-ау еске мүлде.
Шырақ болып үмітке жүрген арман
Қарақшының демінен өшкенің бе...
Сенімі – от, үміті – нұрдан болған,
Тұлғасына асқақтың шыңнан қонған.
Махаббаттың денесін арулайын,
Қособаның түбінде құрбан болған.
Күрсініске құлақ сап кіл бұрынғы,
Тарқатады тұнжырап түн бұрымды.
Тыңдар жан жоқ, айналған алты қыздың
Мойынына ораймын мұңлы үнімді...
Жат тақымда боз жорға желеді аңдап,
Бір үмітті мың күдік келеді арбап.
Қособаның түбінде... арман қалған
Аңдаусызда... аңдыған жебе қандап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter