Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  109


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Не етерсің?

Озған алмай бəйгені
Озбыр алса не етерсің?
Татығандай кермегі
Сөзің азса не етерсің?
Төрге шығып алғандар
Дүреленсе не етерсің?
Көрге тығып салғандар
Түрегелсе не етерсің?
Төбедегі төрелер
Соқыр болса не етерсің?
Көбедегі көп өнер
Қотыр болса не етерсің?
Ағайының арасы
Аяз болса не етерсің?
Талайының санасы
Таяз болса не етерсің?
Қазағымда жақсылар
Елден жесе не етерсің?
Базарыңда бақ сынар
Кердеңдесе не етерсің?
Сүйенерің қақпан ғып
Қулық құрса не етерсің?
Шиебөрі аттан ғып
Сұмдық тұрса не етерсің?
Сақараға сия алмай
Салғылассам не етерсің?
Сақалымнан ұялмай
Арды бассам не етерсің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу