Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  115


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Алаулап жаңа сала таң шырағы...

Алаулап жаңа сала таң шырағы,
Ауылдың оянады «аңшылары».
Қанатын қалт– қалт еткен қомдай салып,
Шағала тұмсығымен шаншылады.
Ілікпей уысына жем-тілегі,
Күйкентай тасқа түсіп мертігеді,
Кіріп кеп шаңырақтан бала-торғай,
Қона қап шымылдыққа ентігеді.
Жалақтап көздің жасын ірке, жылап,
Қияқты қоян жатыр бүркеніп ап.
Кардиограммасын отпен жазып,
Найзағай өте шықты бір төніп ап.
Ауылдың жастарын да билеп сауық,
Қойғандай биені де сирек сауып
Желіден ағытылған қасқа құлын,
Барады ноқта – жібін сүйреп шауып.
Қымызға қанып алған кəрілер де,
Шалқыса əңгімені əрі дер ме?!
Айналсоқ, қылжақ тайын жүргізе алмай,
Бір тентек үй сыртында əбігерде.
Көңілі бір айығып, бір мұнартып,
Үй жаққа бір қызығып, бір құмартып,
Шығып ап тау басына күннен бұрын
Қияда шопан отыр дүрбі тартып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу