Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  96


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Сырғалы суреті

Ескі шөп мысық жүндей ұйпаланып,
Кеткендей бетегенің мұрты ағарып,
Сынаптан айнымаған тұнық бастау,
Балығын балаусаңның сипап ағып.
Көмкерсе күміс жиек ұстағандай,
Жұтады қорғасын көл тостағандай,
Жап-жасыл қырат біткен, жазық біткен.
Бүліспен бірақ қаптап тастағандай.
Қоң етіп үңгісек те мойымастан,
Қойыныңда құс пен аңның тойы ұласқан.
Ішіне ну орманның сүңгіп кетсең.
Төбеңнен төнеді тек ойық аспан.
Бұтақтар мүйіздесіп шыдамайды,
Арасын жас балапан сыналайды,
Орманның жабығынан сығалайды.
Шыршалар сыланбай-ақ сал қайыңдай,
Құбылып қалы кілем таңдайындай.
Алыстан жарқырайды Сырғалы көл.
Даланың маңғал қасқа маңдайындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу