Өлеңдер ✍️
Жылдар-ай...
Айтылар боп тоқсан ойдың толғамы,
Сайрайтын боп бұлбұл біткен сондағы.
Бір əбігер өтіп жатқан кез еді,
Ата – аналар жиналысы болғалы.
Жайғасып ем сол қолдағы шетке мен,
Болмаса да ешкім мені шеттеген.
Сол жиыннан үмітті едім мен дағы,
Бар сынды еді пікірлерім ептеген.
Жел жетпеген дүлдүл ме, əлде мықты ма?
Бір келіншек менен бұрын шықты да.
Жүре берді жастығымды еске сап,
Ойларымды ойран етіп жықты да.
Асау еді ол, маңайласаң тулайтын,
Бала біткен «қағанақ» деп шулайтын,
Шатынаған шу асау ғой деуші едік,
Арқанға да, шідерге де тұрмайтын.
Қандай мықты екен бұған зер салған,
Бұғалықтап, жуасытқан, ер салған?!
Жауырыны жерге тиген сияқты,
Балуандай аңғал ұстап, кем шалған.
Тайпалады су жорғадай көсіліп,
«Отырмын деп алты бөбек өсіріп»
Əлде кімді шымшып сынап қояды,
Пиғылы бар мақтанғандай төс ұрып.
Ұстаздар да білімдерін бұлдамай,
Таңданады: «Сөйлейді – деп – бұл қалай?!»
Мен отырмын еске түсіп қайдағы,
Шу асауды жуасытқан жылдар – ай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter