Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  92


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Менің атым көп

Таң боп тудым бұрын – соңды атпаған,
Күн боп тудым мəңгі бақи батпаған.
– Бала туды – деп қуанды ата-анам,
«Бала» деген сонда қойған ат маған.
Өткізбей-ақ бүтіндеп бір аптаны,
Талай адам табалдырық аттады.
Сол жандардың тілеуінің аузымен,
«Имашхан» деп қойды маған ат тағы.
Оралғанда жылдардың бір көктемі.
Біздің үйге өмір гүлі көктеді.
Інім туды «аға» деген ат қосты,
Айта берсем атым менің көп тегі.
Оң мен солды танығанда ес біліп,
«Бала» деген атым қалды ескіріп.
Арман қосып «жігіт» деген ат беріп,
Жүрегімде түледі бір есті үміт.
Алғыс алып ақ ниетті атамнан,
Тағы да мен «күйеу бала» аталған.
Тағы да мен ұялшақтау бір қыздың,
Аузыменен «қайны аға» деп атанғам.
Сырлар айтсам əн жүрегі жақын кеп,
Мына халық тағы айтады «ақын» деп.
«Əке» деген бір атым бар тағы да,
Айта берсем тіпті менің атым көп.
Бір атым бар өмірімде тосатын,
Бір атым бар мəңгі əнге қосатын.
Тіршіліктің өзі қойған «адам» деп,
Тозбас атым, ардақты атым – осы атым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу