Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  90


Автор: Имашхан Байбатырұлы

ҚЫЗЫЛТӨБЕ

(Тəмен Байбатырұлына арнаймын)
Қызылтөбе – сөнбейтін қызыл жалын,
Қуанғаным, күлгенім, қызғанғаным.
Қызылтөбе – мендегі қыршын жастық,
Қызылтөбе – жүректе қызыл қаным...
Аласарса мендегі биік талап,
Тұрғаныңды көрермін түйіп қабақ.
Қиындықты егер мен қиып өтсем,
Тұрасың сен сүйсіне сүйіп қарап.
Биіктердің биігін таңдамасам,
Ездігіммен арыңа таңба басам.
Шөгіп бара жатасың ұялып сен,
Адамдарға мастанып паң қарасам.
Асылымды аямай үйіп төксем,
Көтеріліп қаласың биіктеп сен.
Сол емес пе ұласқан мұратымыз,
Сүйсіндіре өзіңді сүйіп кетсем.
Тастарыңнан табысып асыл арман,
Бұлақ едім кеудеңнен басын алған.
Өтсем деймін тірлікте тынбай ағып,
Жан сырымды өзіңнен жасыра алмаған.
Жалыны мол, жаны пəк жүрегіммен,
Шуақ шашқан өзіңде күн едім мен.
Адамдардың көңілін сəл сындырсам,
Қарай алмай бетіңе жүремін мен.
Сенен қонып жаныма талап, талғам,
Қыран едім қияңда қанаттаған.
Сен едің ғой самғасам сəт тілеген,
Сен едің ғой қия алмай қарап қалған.
Өзен болсам түпсізбін сарқылмаған,
Сұңқар болсам көгім жоқ шарқ ұрмаған.
Тұлпар болсам – сенің бір тұяғыңмын.
Өлең болсам – өзіңмін жарқылдаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу