Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  93


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Айтыңдар

Көңілім бар тірліктен безінбеген,
Сырларым бар ұқпаған, сезінбеген.
Əбігермін жүректі жырлатам деп,
Осынау бір тұп-тұнық кезімде мен.
Қайратыма қайралған төзімменен,
Түйгенімнің айнытпай өзін берем.
Бере алмасам айтыңдар, көре алмадым,
Өз бетімді өзімнің көзімменен.
Біреулер бар өмірден елтіп өткен,
Біреулер бар біреуді жемтік еткен.
Осыларды өзінің көзіне айтпай,
Жағымпаз боп жүрмін бе тентіреп мен.
Ыңыршақ ер арқасын алған аттай,
Жер тағандап қалған бар жанға батпай.
Осылардың көңілін күндіз көрмей,
Түнде жортып жүрмін бе жарқанаттай.
Көз қиығын құрбыға қадап атпай,
Күйік тиіп уланған махаббаттай.
Жанбай сөнген жастықты жани алмай,
Бұғып жүрсем айтыңдар жапалақтай.
Тапшы көрген тағдырдың жұлым асын,
Адамдар бар күлкіден мұңы басым.
Осылардың жүрегін жұбатпасам,
Қойыңыздар Байбатырұлына сын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу