Өлеңдер ✍️
Есіл достарым
Ой хой, менің қайран, есіл достарым,
Өздеріңсің сазды жырға қосқаным.
Сағынышпен апта сайын алаңдап,
Өздеріңсің қасқа жолмен тосқаным.
Сағынышты арқалаумен батпандай,
Бір жалғыздық жүрегіме батқандай.
Көз көрімнен бір қарайған көрсем де,
Көп қараймын сендер келе жатқындай.
Жүрек деген толған арман, толы үміт,
Жетелейді сəл мұңайсам торығып.
Көп қараймын көше толы адамға,
Абайсызда қалам ба деп жолығып.
Қайран көңіл сағынышпен сынар ма,
Қасарысып қара емендей шыдар ма.
Достарымның мəртебесі болар деп,
Көп қараймын мəуелеген шынарға.
Арманыңда алға сүйреп қамшылар,
Мен көрмеген достарыңда бар шығар.
Бір-ақ, менің сағынышым сел болып,
Кірпігімнен үзіліп жүр тамшылар.
Сағынамын жерді ақ ұлпа басқанда,
Сағынамын гүл шоқтарын ашқанда.
Жүрсе екен деп достар нұрға бөленіп,
Көп қараймын сендер жаққа аспанға.
Тіс жармасам көңіл жуық кісіге,
Сияр емес сағынышым ішіме.
Ой хой, менің, қайран есіл достарым,
Ең болмаса көрінсеңдерші түсіме.
Жігіттердің көңілі, тұрған бір-бір нар еді-ау,
Іш жимайтын өмірі, талай абзал бар еді-ау!
Əзіл-назы, күлкісі, көкейімде тұнады-ау.
От–жанары, нұр–түсі, көз алды ма тұрады-ау.
Бір ұядан ұшып ап,
Шартарапты шарлады-ау.
Соларды ойлап үш уақ,
Менде төзім қалмады-ау.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter