Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  120


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ғажайып көл

Сарқынды судан тумаған,
Жауын боп көктен жаумаған.
Жердің де тəнін жумаған,
Дəмі де балдан аумаған.
Таңменен таңша оянған,
Сəбидей аппақ, ақ мамық.
Күнменен күнше боянған,
Арудай ерке баптанып.
Қалыптан мəңгі аспаған,
Көрмеген əсте азайып.
Елеусіз жерге тастаған,
Бар еді бір көл ғажайып.
Жастықтың жырын жаттатып,
Қайтушы ем барып күнде мен.
Алқызыл нұрға аптатып,
Көл еді күнде гүлдеген,
Алқызыл гүлдер шалқитын,
Алқызыл түсті алауша.
Балбырап қана балқитын,
Тотяиын өңді балауса.
Думан – той оның жағасы,
Ұласып жатқан күн-түні.
Шалқып бір сен де қаласың,
Тыңдайсың тұнық күлкіні.
Құстың да мұнда базары,
Аңның да мұнда ойнағы.
Асқақтай шалқып жаз əні,
Бірігіп жазды тойлады.
Барыстың тентек баласы,
Қоянның момын көжегі.
Біріне – бірі жанашыр,
Туыс боп кеткен кезі еді.
Сұңқар мен үйрек, қырғи да,
Бірге ұшып бірге қонатын.
Жағасы көлдің ылғи да,
Шалқыған думан болатын.
Аспаннан тамшы түссе де,
Ғажайып көлмен егесті.
Аң мен құс түгел ішсе де.
Азайып көрген емес-ті.
Қалам деп ертең суалып,
Көрмеді өксіп жылап та.
Көппен бірге қуанып,
Көл-көсір болды. Бірақ та.
Құймады ешбір өзен кеп,
Бөлініп бұлақ ақпады.
Тағдырға мəңгі төзем деп,
Қыс бойы бұ да қатпады.
Танытып жігер, күшін де,
Аспанның өзін булады,
Қақаған қаңтар ішінде,
Тарқамай қойды думаны.
Ақ көңіл таза салмақты,
Бейуаз, əрі береген.
Өмірін көппен жалғапты,
Ғажайып деші не деген.
Жүрер-ау салып əнге де,
Жырға да күнде қосылып ел.
Амал не достар, əлде де,
Көңілімде жүр ғой осы көл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу