Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  109


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ала тайынша

Өткен қыстың өксіп басталып,
Өкіріп біткенінде,
Талайды састырып,
Белбеуге бастырып,
Құтын қаштырып,
Қайратын үккенімде.
Аз ғана малға қас қылып,
Ауылды жемтікке бастырып,
Ауызбен егін егетіндердің,
Тамағына тас тұрып,
Ағаш белдерді бүккенінде,
Білесіздер ғой.
Қамсызбайдың қап арқалап,
Тауға қашқанын.
Ептібайдың жылым жүріске басқанын,
Қанағат қып көп шыдағанын,
Ақыры тамақ сұрамай, шөп сұрағанын.
Сүмеңдеп көк тезек тергенін,
Сүрлемдеп түйеге бергенін.
Тарыққаннан жын жинаған,
Сөйтіп қыстың бек қинаған.
Естісеңіздер, күлесіздер ғой.
Сол қытымыр қыста,
Қысылшаң тұста.
Бригадир Қасқақбай,
Жүрегіне ас батпай.
Əбден тауысып тағатты
Күтімін табасың, деп.
Арық-тұрақты,
Ауыл-үйге таратты.
Сол бөліс басында,
Өзіміздің «өжет» Қасымға,
Қабырға тарам-тарам болған,
Тамыры таралып, еттері солған,
Ортақтың ала тайыншасы тапсырылды,
Сонымен міндетке міндет жапсырылды.
Ала тайыншаның арқасында,
Асырып сақтаудың қалқасында.
Қасымның қолы да ұзарды,
«Алым-берімнің» жолы да ұзарды.
Қоймадағының қандайын əкеп,
Ала тайыншаның таңдайына деп.
Бастыққа жүгініп,
Есепшіге жүгіріп.
Шөп дегенді түйелеп алды,
Қинала құлап.
Қиыла сұрап,
Кебек дегенімізді жүйелеп алды.
Бірақ,
Қаптағы қатындікі боп,
Қораға келген соң, Қасымдікі боп,
Бəрін де жеңешем биледі,
Ысылған ыспар жеңешем –
Жаткөзге шалдырмастан,
Бір түйірін де қалдырмастан.
Көк сиырының ішін иледі.
Түнімен мөңіреп тұрса да,
Күні бойы еңіреп тұрса да,
Ала тайынша ауыз да тимеді.
Қора-қораны тықырлатып,
Сирақтарын сытырлатып,
Бұрынғыдан бетер тозып,
Қашадан қашаға өмешегін созып,
Тімтініп жүретін болды.
Ауыл-ауылды кезіп,
Тамақтың иісін сезіп.
Үйге де кіретін болды,
Аттың шөбіне түседі деп,
Ашық қалғанды ішеді деп.
Анау бір қуып,
Мынау бір қуып,
Ауыл түгел білетін болды.
Сорлы тайынша адамын да танымады,
Асқа да жарымады.
Мұз жалап, тезек кеміріп,
Тым тұралап арымады.
Биыл естісек:
Көк сиыр көктемде көтеремнен өліпті,
Ал, ала тайынша ойнақтап өліпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу