Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  125


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Əжелер

Мылтық оқтап, найза да саптамаған,
Ат жаратып, қыран да баптамаған.
Жалған айтып, пəремен күн кешпеген,
Адалдық пен антынан аттамаған.
Кесім айтып көрмеген билікпенен.
Жесірдің де дауына килікпеген,
Балуан боп жарыста белдеспеген.
Күні кеткен үйдегі күйбіңменен.
Əділетті қақ тіліп қара қылдан.
Қайғысына ғашықтың жаны ауырған.
Қасіретті құлыптап кеудесіне,
Баласын ап өзгенің, бала қылған.
Бас имеген тағдырға жəбірлеген.
Іс қылмаған жан болып əмірменен,
Қазекемнің танытқан дарқандығын,
Бəйек болып қонағын кəдірлеген.
Мал табам деп малдыға жалданбаған,
Дүниеге көз сатып алданбаған.
Осынау бір киелі шаңырақты,
Тоздырмасам екен деп армандаған.
...Орындалып бұл күнде ақ тілегі.
Ақ жаулықты басына бақ түйеді.
Немереге табыс қып шаңырағын,
Сəби болып жүрегі шат күледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу