Өлеңдер ✍️
Қойшы құрбыма
Жабықсам жүрегіме оранармын,
Өзіңнің хатқа салған орамалың,
Есімде. Ұмытқам жоқ, ауыл барын,
Қой барын құрбы барын, қора барын.
Өзіңнің қойларыңдай ақ, қаралы,
Ақ қағаз, көк сиялы хат барады.
Еске алып балалықты бəз-баяғы,
Сырларын жас жүректің ақтарады.
...Жығылып талай рет шағыр аттан,
Қозылар есіңде ме жамыратқан?
Түсті деп қазандары жүгіруші ек,
Көрші үйге, от шыққанда шаңырақтан.
Құрт жайып жалпақ тасқа «өре» десіп.
Қияқтан отырушы ек көген есіп.
Қой етіп жинап алған тастарға да,
Кей кейде қалушы едік төбелесіп.
Кешкілік қоя беріп алыс қырдан,
Қозылар есіңде ме жарыстырған?
Ұмыттың ба балдан тəтті балалықты,
Қыс бойы ақ қарменен алыстырған?
Жан едің бар алысқа болған асық,
Кешіргей, кетсем кейде шалыс басып?!
Жаңылып қалатыным бар еді ғой,
Жүргенде көлеңкені қарыстасып.
Көрдік қой екеумізде бала болып.
Ойға алсақ кетер көңіл дала болып,
Енді біз азаматша сырласайық,
Осы хат барып қалар ара қонып.
О, Құрбым, сені арман жетеледі.
Қалдырып, қойға кеттің жеке мені.
Сарқылмас саған Отан бақыт беріп,
Еңбегің сені көптен жекеледі.
Жайыма бала кезден серік құрбым.
Өзіңе баяғыдай сеніп тұрмын,
Қойда екен байлық деген, бақыт деген.
Бақыттың қойда екенін сен ұқтырдың.
Бірге өскен жан болсаңда бала кезден,
Ғалымсың бейне сен бір дала кезген.
Қорлық деп қойшылықты айтқандарға,
Есімде қарайтының ала көзбен.
Көп екен өмірде ылди, өр дегенің.
Көп екен көргенімнен көрмегенім.
Көп екен ұққанымнан ұқпағаным,
Көп екен алғанымнан бермегенім.
Бірімін деп жүрсем де байыптының,
Көрмейді көңіл – көлде қайық тыным.
Амал не кеш ұғыппын, кешігіппін,
Алдыңда соным үшін айыптымын!!
Білемін, туған жердің басып қарын,
Келесің кезеңдердің асып бəрін.
Əкелші, құрбыжаным, бір ойнайық,
Бар болса баяғы бір асықтарың...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter