Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  76


Автор: Талғат Орманов

Шектен шықсам әкем жиі ұратын...

Шектен шықсам әкем жиі ұратын,
Өксік қысып, көзіме шық тұнатын.
Жақтырмай қиыс қарап ертеңіне,
Мейірімін жылы сөзбен ұқтыратын.
Балғын екен қызықты балалық шақ,
Қонғаны түс кезі екен басыма бақ.
Сусар апа жүн түтеді көлеңкеде,
Ал, шешем жүр пісірумен ақ бауырсақ.
Анам Жамал алақанда мәпелеген,
Дүкеннен болмашы дәм әпермеген.
Сиыр сауып, құрт езіп, күбі пісіп,
Шылап берген майға нан жетер ме екен.
Бәйек болып атырған талай таңды,
Ұл-қызынан ағайын бағы жанды.
Бақилық озған бүгін Садық-Жамал,
Зат еді деп жұрт мақтайды, бәлкім заңды.
Шаңырақтың жалғанда егесі бар,
Әр үйдің де шырайлы шегесі бар.
Кездескенде іренжіп ұрса берер,
Тоқтам салар көкенің көкесі бар.
Өткен күндер қалдырған артта белес,
Сусар, Садық, Бақыт жоқ берер кеңес.
Балаларға сөз өтпей кейде налып,
Отырғанда бір Алла желеп-желес.
Заман нарық, Азат елде ысылғам,
Салт-дәстүрді, ұлттық рухтан тұщынғам.
Ағаң болам, - десе біреу көкеңмін,
Ертеңгі күн не болар деп қысылам.
Мәңгүрттерді көргенде қайғы жұтам,
Жайқала түссін бауда көктеп- бұтаң.
Қайрат-жігер тасыған жетпісінде,
Қойшыбайдай көкемді үлгі тұтам.
Тобықтай түйін сөзді тармақтайын,
Болмаса екен ұлтыма салмақ қайғың.
Бейқам - семіз жандарды көргенде аяп,
Жайдары мен қалайша жалпақтайын.
Салмақ деген қос ұғым сырды түйем,
Сана сергек болсыншы мәнді жүйең.
Қызметіңмен еліңе қадірлі бол,
Беделді жанға әркез басымды ием.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу