Өлеңдер ✍️
ЖАСТАРҒА
Талант-дарын тіршіліктен байқалған,
Өтті өмір бокалдармен шайқалған.
Білім алдық, тәлім көрдік Асылдан,
Жылап тұрып, жалғыздығын жасырған.
Көне костюм, көне шалбар, көне етік,
Қанағатпен қу тіршілік кетті өтіп.
Дана екен ғой, дара екен ғой дәл солар,
Пейілімен биіктерге біз жеттік.
Атақ-мансап кім аңсамас жалғанда,
Одақ тұсы шын әділдік болған ба?
Жазушылар жәутең қаққан көздері,
Шапан киер... Мерей жасқа толғанда.
О - құдірет, біз соларды тыңдадық,
Танысқан соң бас жазарға ымдадық.
- Қай баласың? деген сәтте қысыла,
Ал соңынан ұлылармен «жындандық».
Тентек бала, жынды аға, жынды әлем,
Жазғанынан жан шуағын мен көрем.
Өркениетті азат елде жас қазақ,
Сені ойлап, мың толғанам, не берем?!
Қажет емес Гүлзар, Сарай, Тағы да,
Жүре алмаспын жылпостарға жағына.
Бар байлығым өлең-төсек, өз үйім,
Тәуелсіздік келген менің бағыма.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter