Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  85


Автор: Талғат Орманов

ҮНДЕСТІК

/немесе халық ақыны ҚАДЫРҒА/
Ой берген соң күнде ерте тұрамын,
Бұйыртса Алла таусылмай тұр құрарым.
Тәлім алғам мен Өзіңдей - Асылдан,
Бақи озды дегенді естіп жыладым.
Студент шақ «Сөз өнері» сабағы,
Қабдолов та кейде ауырып қалады.
Орта бойлы келсе кіріп бір ақын,
Акт залы әп-сәт тыныш болады.
Сөздің мәнін зерделейді жүйесін,
Қара сөзі шымбай батса күйесің.
Шетелдегі қалмай Дана-сыншылар,
Мысалдайды түсін сөздің киесін.
Шегір көзді, шашы түскен иыққа,
Ақын текке тыңдарманын жиып па?
Аудиторияда айтары бар көсілді,
Шөліркеген жастар қалды ұйып та.
Әр сөзіне жүрек лүпіл қағады,
Тоқығаны тасқын-селдей ағады.
Қарапайым қазақшасы қонымды,
Коңіліңе сары майдай жағады.
Қолды сілтеп жиі оқимыз өлеңді,
Ақындар көп жазған жыры көлемді.
Қысқы сессия келіп жетті, дүрбелең...
Бес алғандар ілтипатқа бөленді.
Билет сегіз, сұрақ келді: «Ұйқастар»,
Өтті сағат, - деп тұрғанда кім бастар.
Ал, Талғатжан, орын алғын төрге шық,
Кезек сенде ағыл ақын біз қостар.
Деген сөзі шымырлатқан денемді,
Түскендей ме, кеңейте-ақ өремді.
Жарты сағат жыр оқыдым тоқтамай,
Тыңнан іздеп, мысалдарды терем-ді.
Тоқта бала. Пайымдысың зеректі,
Саған айтар сырым менің бөлекті.
Сен ақынсың, талмай ізден қарағым,
Үн берген соң, өлең оқу керек-ті.
Арқалылар дәйім топты жарады,
Ой қозғайды, сөз саптайды саралы.
Талант-дарын ұштаспаса еңбекке,
Ұласады соңы мұңға - қаралы.
Бес қойды ақын төбем көкке жеткендей,
Қаңтар емес, көктем лебі өпкендей.
Тауқыметін ұлтқа салған көтеріп,
Ал, қалғанын бізге сеніп кеткендей.
Жатқан жерің жайлы болсын ағасы,
Қадыр едің алтын тонның жағасы.
Қадірлі боп қаласыз Сіз - Қазаққа,
Қасиетіңмен артқан дәйім бағасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу