Өлеңдер ✍️
АҒАШ АЯҚ
/II-ші топтағы Ұлы Отан соғысының мүгедегі
Жаулан БЕСБАЕВҚА/
Қырық бірде Отанымды қайғы бұлты торлады,
Неміс-фашист көп ұлтты елдің ар-намысын қорлады.
Сын сәттерде сыр бермеген
қыршын-боздақ майдангер,
Сенің арқаң Ұлы Жеңіс – 65 жыл зор мәні.
Тапсырыспен өлең жазар жағдайым жоқ менің де,
Туған ана қалай қисын ұл-қыздарын өлімге.
Қара қағаз талай үйдің шаңырағын шайқады,
Санасына келер ұрпақ сіңдіре ала білем бе?
Ыза-кекпен қан майданда жауды талай ықтырған,
Бауыржандар Отан үшін өлімге де тік тұрған.
Әлия мен Мәншүктейін қос қарлығаш – Шығыста,
Қазақ деген дархан ұлттың қайсарлығын ұқтырған.
Отан үшін от кешуге әрбір адам ерікті,
Тіміскі жау танкісімен Мәскеуге де төніпті.
Көрікті де сымбат жігіт, Алғабастың өрені,
Сұрапылды от-жалында бір аяғын беріпті.
Атқан таңның белгілі ғой алау шашып батары,
Ауылында жылдан-жылға азаяды қатары.
Үміт артып өскін ұрпақ ертеңіне, құрметті,
Ағаш аяқ Жаулан ата тілеулес жан баталы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter