Өлеңдер ✍️
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА
Жақсылық жаса келгенше шамаң,
Құйтырқы тірлік қол емес саған.
Дегендей тәңір сынаққа салам,
Қамын жеп ұрпақ, кірпіш боп қалан.
Елім деп, Отан жүрегім соғар,
Қу дүние жайлы сөзіңді доғар.
Қара бұлт бір күн үйірілсе басқа,
Рухы жоқ жандар үрейде қалар.
Шешетін аз ба, өзекті жайлар,
Азамат қайда білекті сайлар.
Бабалар салған сүрлеуге түсіп,
Кез келді ұлтым ұрпақты ойлар.
Келешек жаста үйреткін кәсіп,
Керегін алсын-шы бұйырған нәсіп.
Келгенде кезек дым келмей қолдан,
Қалса сол жаман, миыңды тесіп.
Түлкі алмайды тазы жетектегенмен,
Би болмас бала өбектегенмен.
Өз орнын таппай ұл-қыздар жұртта,
Өркениет болмас, керек дегенмен.
Ата-анасын елде сыйласын бала,
Мән берсін шалғай ауылға - қала.
Тіршілік күйбең таусылмас тіріде,
Жәрдемін тигізіп, атансын дара.
Жақсылық жаса келгенше шамаң,
Жақсара түссінші бұдан да заман.
Алланың нұры ұрпаққа құйылып,
Көркейте берсінші сергек боп аман.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter