Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  176


Автор: Байыт Қабанұлы

Қырық бестің қырқасынан төмен қарап

Қырық бестің қырқасынан төмен қарап
көп отырдым мен бүгін,
Ерлігімнен артық екен
орынына келтірмеген кемдігім.
Бұл жалғаннан ешбір пенде ала алмапты бұрын
соңды теңдігін,
Не тындырып шыдар дейсің
бұдан кейін енді кім?!
Жиырма жаста
айға қарап, арақ ішіп, қыз құшақтап
жалпағынан басып едім жер көкті,
Көр өмірден көкірегім көретінді көрмепті.
Жігіт жаным желік қуып
бостан босқа терлепті,
Теретінді термепті де жерлеместі жерлепті.
Бірақ, бірақ өкінбеймін,
өкінгенмен пайда бар ма өткенге,
Өкінумен өтті емес пе көп пенде.
Байқағаным:
Кез болушы ем бұрын үнем
өктемнен де өктемге,
Енді қызық қалмағандай көрінеді
мына күнге жеткенде.
Мен талпынған биіктерім биік емес
қарыс сүйем өр екен,
Аяғымның астында тұр,
қарызымды енді кімге төлетем.
Көңіл – деген, асып-тасып
ағып ғана өтетұғын сел екен,
Өмір – деген, ойлағанға
көп-көмескі көр екен.
Өңі басқа боп көрінді
таршылық пен тамұқтың,
Есесі мен үлесі бір екен тоқ пен арықтың.
Бағасы артық емес екен
қараңғыдан жарықтың,
Соны ұққан соң күйкі күйбең тіршіліктен
жалықтым мен жалықтым.
Мына жалпақ дүниені
тоқымы жоқ жетім тайға өңгеріп,
Ұлым деуші ем, ұлтым деуші ем
қазақ деген қара орманды шен көріп.
Ауыруым жазылмады емделіп,
Сорлы халқым әлі быт-шыт
мен де жүрмін бір шетінде сенделіп.
Қазақ деген ел болып ек ту көтеріп көсіліп,
Алдымыздан жол шықпады жосылып.
Жатса дағы жан жақтан кеп
жаға жайлау қосылып,
Торға түскен торғай сынды
толғай алмай қойдым әйтеу тосылып.
Жүрсем дағы тамағым тоқ, иығым бүтін
емін еркін бой жазып,
Тапшы боп жүр тармақ-тармақ ойға азық.
Таңдайыма тарихтың салып кеткен
кермек дәмі
кеуде керіп дем алуға келтірмей,
Суырылмай сұмпайлар кеп
рухыма қағып кеткен жой қазық.
Алтайымның ауа райы секілденген тағдырым-ай
ауыспалы,
Аусып жүріп ауыспалы жол
қабыспады қауышпады.
Ұрпақтарың ұланғайыр мына әлемнің
түкпір-түкпір шеттерінен
кісінеді, дауыстады,
Қайран елім тәлкек күнді
талықпай-ақ кешкенімен
тауыспады ғой, тауыспады.
Ұйып тұрған уыз сынды ұлтым қайда
ұлағаты ұл мен қызын көтерген,
Улы ісікке ұрынғандай рухым бар
жөткірінген жөтелген.
Ағалардың арыны жоқ,
даналардың дарыны жоқ,
балалардың жалыны жоқ
еңсесі мен еті өлген,
Бетті жыртып бел сындырып
безіп жүріп жеткендегі
Бесік төрім бекер ме ең.
Араны ашық азулылар
шеңгел, тұзақ, қақпандарын
жайып жатыр жаһанға,
Құлқынына құрық жетпес
құмайлардың қулықтары
жүк болады алпыс алты атанға.
Үйірінен ерте адасқан жетім тайдай
жетім жұртым
жеті ғасыр сақтап келген жерімізге
ұрпақ толып толыспай,
Атар таңым атпай жатып
батар күнім батар ма.
Тілім қайда тіктеп салсам
тікенді де ұлпа қылып,
тасты да өртеп жандырған,
Тірі тұрмақ өлінің де
шерлі айызын қандырған.
Өз елінде,
өз жерінде өзі неге жетім қыздың
күнін көріп жылайды,
Қайғы шерім қашан тамам боп бітеді
қара басым қаңғырған.
Өшкіндетіп өр бабамнан
бізге жеткен сорапты,
Тобырларым топтыға емес
қаңғып жүрген тоң пейілге
жан рухын тонатты.
Өзге болса өкініш не, ой, дүние-ай, дүние!
Өзегіне у құйылған өз қазағым
өз тіліне өрт жіберіп, оқ атты.,
Қайран елім кез болса да кең әлемге кереметтей
атың дұрыс аталар,
Қарыс жерге басқызбады-ау
қарғыс атқыр қара ниет қаталар.
Қалай ғана ілгерлейсің
қазағымның хас тағдырын
қазақ емес кірме тілмен сөйлесіп
Қазақ заңын
қазақ емес кірме тілмен жазып жатса
қазақ сымақ шаталар.
Дінім қайда
қара суды теріс ағызып есуасты түзеткен,
Ділім қайда
малды, жанды құрбан шалып
ардың жолын күзеткен.
Неге бүгін мал сықылды бүрсектеймін
асты үстінен сыз өткен,
Неге бүгін тұрғандаймын
сары ауыру сүзектен...
Ас батырмай, көз ілдірмей
қиянатқа күнде салып қинаған,
Дертім сол ғой
өз ішіме өз ішімді сиғызбаған, симаған.
«Қатал тағдыр қазаққа арнап сақтап жүрген
тағы қандай уларың бар жинаған,
Қане толтыр түк қалдырмай құй маған!!!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу